БЕКІРЕ / МЕТРЕ

lat: BEKİRE / METRE

балық тұқымының бір түрі. Қызыл балық деп те аталады. Каспий теңізінде, Еділ, Жайық өзендерінде тіршілік етеді. Ертіс бойында кездесетін түрін метре, метіре деп атайды. Оның жарыққа ұмтылатын әдетін білетін балықшылар ойылған мұз тесіктерінің жанына балауыз шам, не шырпыларды жағып жарық түсіреді екен. Балық жарыққа келіп су бетінде қалықтап тұрған нәрсені көріп, құйрығымен қағып ойнап, жанасып сүйкенгенде денесіне қармақ ілініп, сол жерде қозғалмай тұрып қалады. Балықшылар тілінде кездесетін «Бекіредей жаның аяулы ма?» деген мәтел осыған байланысты туған.